Биылғы жылы Шығыс Қазақстанда егіс алқабы былтырғыға қарағанда 38 мың гектарға көп. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазян мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 549,9 мың гектар, майлы дақылдар 481,8 мың гектар құрайды. Онымен қоса көкөніс және бақша өнімдері 15,3 мың гектарға егілген.
– Өсімдік шаруашылығын субсидиялау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Тыңайтқыштарды субсидиялауға облыс бюджетінен 1396,0 млн.теңге, тұқым шаруашылығына 1148,6 млн.теңге қаржы бөлінген. Мұнымен қатар су жеткізу бойынша 178,6 млн.теңге, гербицидтерді арзандату бойынша 828,0 млн.теңге қаражат жұмсалды, – дейді Владимир Гайламазян.
Айта кету керек, осы жылғы егін ору науқанына 3248 комбайн, жоғары өнімді 869 астық жинау машиналары жұмылдырылған. Барлық техникалар үшін облыс бюджетінен 25,0 мың тонна дизельді жағармай бөлініп, ору маусымы аяқталғанға дейін пайдаланылады.