Бұл туралы ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, қазір келімді-кетімді туристер мен тынығушылардың өзен-көлдерге ағылуынан мемлекет қазынасына салықтың түсіп отыруын тексеруге жіті мән берілуде. Кейбірі кассалық бақылау машинасын пайдаланбайды. Салық шеңберінде кемшіліктерді болдырмау мақсатында облыс әкімдігінен бастап, прокуратура өкілдері қолдау білдіріп жатыр.
- Департамент әзірлеген туризм объектілері бойынша бюджетке қосымша резервтерді анықтау жөнінде бірлескен жұмыстар атқарылуда. Бұқтырма су қоймасы, Дұбығалы мен Сібе көлдері маңында, Төменгі және Жоғарғы Тайынты ауылдарында 1082 кәсіпкер мен жеке тұлғалардың қатысуымен туризм объектілеріне қосымша салық салу бойынша көшпелі семинар өткіздік. Осы үшін Алтай, Үлкен Нарын, Самар аудандарына барып, түрлі нысандарды араладық. Бұдан соң Бұқтырма су қоймасы мен Дұбығалы, Сібе көлдері маңында салықтық нормалар бойынша тексерістер жүргізілді. Бұл жерде тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізілген соң рейд басталғанын айта кетейік, - деді басқарма басшысы.
Мәлім болғандай, бұл жерлерде бақылау-кассалық тәртіптің бұзылуы анықталды. Айталық, жеке кәсіпкер болып саналмайтын адам іс жүзінде жағалауларда жұмысын жалғастырып келген. Осы жайт Алтай ауданы аумағында тіркелді. Қазір бұл жақта туристік маусымның қызған шағы.
- Бәрі көп пайда түсіруді қалайды. Осы ретте тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті анықтадық. Жеке кәсіпкердің бақылау кассалық машинасы жоқ, бірақ ақша түсіп жатыр. Самар ауданында да осындай жайт болды. Бір жеке кәсіпкер тіркеусіз жұмысын жалғастырған. Бұл ретте ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес материалдар сот органдарына жіберіледі, - деді жауапты тұлға.
Жағалауларда алкоголь өнімін сатқан 13 адам анықталды. Сатса сата берсін дейді, тек ілеспе құжаттары жоқ. Тәркіленген алкоголь өнімдерінің бағасы - 10 млн теңгенің айналасы.