ШҚО-да 13 мал ұрлығы ашылды

714
көрілім
Шартты фотосурет

Облыс аумағында сәуір айының 21-23 аралығында жедел жағдайды сауықтыру және мал ұрлығымен күрес бойынша жұмысты жандандыру мақсатында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, мал ұрлығының 13 фактісі ашылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес осыған жайттарға қатысы бар деген 3 күдікті адам ұсталды. Белгілі болғандай, жедел-іздестіру және іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде иелеріне 28 бас мал (12 жылқы, 4 мүйізді ірі қара мал, 12 ұсақ мал) табылып, қайтарылды.

- Жалпы, біз ауылдық жерлердің тұрғындарымен және шаруа қожалықтарының иелерімен мал жаю ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз, өйткені үй жануарларын қараусыз қалдыру, әдетте, оны ұрлаудың алғышарттарына немесе алыс қашықтыққа кетіп қалуына алып келеді, - деп түсіндірді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Жедел профилактикалық іс-шара барысында арнайы мал тұрағына 950-ден астам ауыл шаруашылығы жануарлары (барлығы иесіз мал жаю үшін) қамауға алынды, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес 180 000 теңгеден астам сомаға 313 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаментіндегілер жақында Ұлан ауданының полиция бөліміне 51 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, «Сибины» №1 және №2 көлдерінің арасында орналасқан еркін жайылымнан белгісіз біреу ақ бас ірі қара малдың бір басын ұрлап кеткені жайлы өтініш түскенін мәлімдеді. Келтірілген шығын 250 мың теңгеден асқан. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары ізін суытпай 34 жастағы ер адамды ұстап, жауап алу барысында күдікті жасаған ісін мойындады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-1 бабы 1-бөлігіне (мал ұрлығы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар үш күн ішінде 188 автокөлік тексеріліп, тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдау, сату бойынша 20-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

400-ден астам шаруа қожалықтарын аралау жүзеге асырылып, 665 бас ауыл шаруашылығы жануарлары сәйкестендірілді.

Жыл басталғалы лғашқы үш айында ШҚО-да 413 бас мал ұрланса, полицейлердің көмегімен 299 бас иелеріне қайтарылған.