ШҚО-да 14 жасар бала коронавирус жұқтырған

501
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған бесінші адам тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, 2006 жылғы Семей қаласының тұрғынынан вирус анықталды. 

- Науқас 30 наурыздан бастап ауырған. Бойын әлсіздік билеп, құрғақ жөтел пайда болып, дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. 3 сәуір күні оған рентгенографиялық тексеру жүргізілді. Қорытындысы бойынша пациентке «пневмония» диагнозы қойылған. Алгоритм бойынша ол COVID-19-ға да тексерілді. Алынған сынама нәтижесі оң болып шықты, - дейді ол.

Жұқпалы дертке шалдыққан бала және оның отбасы мүшелері, жақын туыстары басқа елге шықпаған. 

- Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа. Онымен байланыста болған 51 адам анықталып отыр. Олардың барлығы оқшауланды. Пациенттің тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жұмыстары жүргізілді, - дейді Ілияс Мұхамеджан.