ШҚО-да 14 жеке сот орындаушысының лицензия қолданысы уақытша тоқтатылған

437
көрілім

 ШҚО аймақтық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов «ANTIKOR.LIVE» жобасына қатысып, атқарушылық іс жүргізу, құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету саласындағы жұмыстар нәтижесін баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Шығыс - Адалдық Алаңы» жобасы аясында 22 азамат түрлі сауалдарын қойып, көкейде жүрген мәселелеріне тұщымды жауап алды. Атап айтсақ, сұрақтардың көпшілігі жеке сот орындаушылардың қызметі бойынша, жылжымайтын мүлікті тіркеу және әлеуметтік тақырыпты қамтыды. Қазіргі уақытта аймақтағы нотариустардың жалпы саны – 284. Мамандар сөзінше, облыс бойынша бір нотариаттық палата жұмыс істейді. Жекеше нотариустар жасаған нотариаттық іс-әрекеттер саны - 416 692. Бір нотариусқа орташа айлық жүктеме – 45614 нотариаттық іс-әрекеттен келеді.

- Облыс көлемінде 116 жеке сот орындаушысы болса, Өскеменде - 66, Семейде – 29, сондай-ақ 21-і аудандарда жұмыс істейді. Соның ішінде 14 жеке сот орындаушысының лицензия қолданысы уақытша тоқтатылған. Адвокаттық қызмет бойынша жалпы саны – 444 адвокат бар. Оның біреуі аумақтық адвокаттар алқасы, сонымен қатар төрт адвокаттық кеңсе жұмыс істейтіндігін атап өткен жөн. Құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруда.

Есепті кезеңде Әділет департаментімен барлығы 4946 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде жеке тұлғаларға 4164, заңды тұлғаларға 782 қызмет көрсетілген. Есепті мерзімде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылу фактілері, шағымдар болған жоқ.

Әділет департаменті азаматтарға әр қашанда ашық екенін және қала мен облыс тұрғындары әділет органдарының қызметіне қатысты мәселелер бойынша онлайн кеңес алу үшін R.nursadykova@adilet.gov.kz электронды мекенжайы арқылы немесе 8-72-32-56-98-61 номері арқылы күнделікті хабарласуға мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.