ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, мүгедектерге протезді-ортопедиялық көмек және техникалық құралдар беріледі. Осы мақсатта 2019 жылы облыстық бюджеттен шамамен 240 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Глубокое ауданының тұрғыны Алексей Ченыкаев 11 жасында жол апатына түсіп зардап шегіп, аман қалған.
- 28 жылдан бері протезді жаныма серік етіп келемін. Екінші рет жаңа протезге қолым жетті. Бұл өте ыңғайлы екен мен дән ризамын! Алғашқы протезбен 3 жыл жүрдім, екіншісін алғаныма 1 жыл болды. Қажет болған жағдайда мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының мамандарымен кеңесемін. Мен жүргізуші болып жұмыс жасап, отбасымды қамтамасыз етемін. Сондықтан протездің ыңғайлы болуы мен үшін өте маңызды, - дейді Алексей Ченкаев.
Құралдарды «ШҚО протездік-ортопедиялық орталығы» ЖШС шығарады, олармен арнайы келісім жасалды.
- Біз протездерді заманауи технологияны қолдана отырып жасаймыз. Әр клиентке ерекше көңіл бөлінеді. Оларға өнімдеріміз ыңғайлы болу үшін қолдан келгенді жасаймыз. Бұл бағытта алдыңғы қатарлы шет елдердің тәжірибесін зерттеп, жаңа өнімдер шығарамыз. Мысалы биыл мүмкіндігі шектеулі үш адам үшін біз жалпы сомасы 1 миллион 620 мың теңгеге силикон төсемімен протездер жасадық. Жыл сайын осындай 2-3 протез жасалады. Былтыр жамбас протезі және құны 1 миллион 700 мың теңге тұратын қолға арналған электр протезін жасадық», - дейді «ШҚО протез-ортопедиялық орталығы» ЖШС өндірістік менеджері Сахан Тұрсымбаева.
Оның айтуынша, барлығы 2925 дана өнім шығарылып, 1477 адамға протез жасап берген.