ШҚО-да 156 жас президенттік кадр резервіне тапсырды

280
көрілім

Облыс орталығында өткен жиында Президенттік жастар кадрлық резервіне қалай қатысуға болатыны туралы айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өңірімізде 70 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер жұмыс істесе, Оның 54 пайызын жастар құрайды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы мәлім етті.

– Облыста 23-29 жас аралығындағы 86 адам еңбек етуде. Ал 30-39 жас аралығындағы 518 қызметкер басшылық қызметтерді атқарады. Оның ішінде облыс әкімінің бір орынбасары, үш қала мен аудан әкімі, облыстық басқармасының 10 басшысы мен 45 ауылдық округтің әкімі бар, – деді Жанна Қабдолдақызы.

Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысудың шарттары да қиын емес. Үміткерлер бар болғаны PKRezerv.kz сайтына тіркеледі. Оған кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар болуы шарт, 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының жоғары білімді азаматы үміткер бола алады. Брифингке қатысқан «ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының» ШҚО-дағы филиалының директоры Сергей Ковалев осылай деді.

– Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуде үміткерлер алдымен тесттен өтіп, эссе жазады. Бұл қатысушылардың ой-өрісін, жазу қабілетін, ақпаратты сараптай алуы мен жеке қасиеттерін бағалауға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткендер бейнежазбалар арқылы өз жобаларын қорғайды. Жобалардың әлеуметтік маңызы болуы шарт. Әр кезеңнің бағасы есепке алынып, үміткерге орташа ұпай қойылады. Озып шыққандармен эксперттік комиссия жеке кездесу өткізеді. Ең көп балл жинаған қатысушылардың кандидатурасы Президенттің жастар кадрлық резервінің Ұлттық комиссиясының отырысында белгілі болады, – деді Сергей Ковалев.

Таунар ҚАЙРАТ