Өңірдегі 158 мыңға жуық тұрғын коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден ала алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаевтың айтуынша, өтемақы коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен келісімі бар азаматтардың жекелеген санаттарына төленеді.
– Жалпы өңір бойынша 158 мыңға жуық адам коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден алуға құқылы. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың call-орталықтарына, қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне хабарласа аласыз. Содан соң мамандарға жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН), абоненттік шотыңызды және әлеуметтік мәртебеңізді айтуыңыз керек, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 21 сәуірде тұрғындардан 400-ден астам қоңырау түскен. Осы орайда облыстың барлық қала, аудандарында арнайы штабтар жұмыс істеуде.