Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың төрағалығымен 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі бойынша жиналыс өткізілді. ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы өз сөзінде арнайы бекітілген жұмыс жоспарының қалай іске асырылатынын жеткізді.
«Бүгінгі таңда 36 шараның 27-сі іске асырылды. Шығыс Қазақстан аумағында барлығы су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен анықталды. Тасқынға қарсы шаралардың нәтижесінде, бүгінгі күні 15 елді мекенде қауіп жойылды, ал 49-ында барынша азайтылды», - деді ол.
Ахуал күрделене түскен жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері құрылымдарының жеке құрамы мен құралдары топтастырылуға дайын. Олардың сапында 2334 адам, 735 техника, 50 жүзу құралы және 208 мотопомпа бар. Зардап шеккен халық үшін жалпы сыйымдылығы 8 448 адамды құрайтын 89 уақытша орналастыру пункті әзірленген.
Кеңес қорытындысы бойынша елді мекендерден қарды қауіпсіз орындарға уақтылы шығару, профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін учаскелерді анықтау, арықтарды, кәріз жүйелерін, көлік және теміржолдар астындағы су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы