ШҚО-да 16 мамырдан бастап бірқатар шектеулер алынады

612
көрілім
Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар қала, аудандарда карантиндік шектеулер алынып тасталмақ. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
- Соңғы екі ай бәрімізге оңайға түспеді. Бұл билік органдарының батыл әрі нақты іс-әрекеттерінің кезеңі болды. Біз халыққа барлық талаптарды орындауда түсіністік, шыдамдылық және адал ниет танытқандары үшін алғыс білдіреміз. ШҚО – коронавирус жұқтыру көрсеткіші ең төмен өңірлердің бірі. Осыған орай 16 мамырдан бастап қалыпты өмірге көше бастаймыз. Тұрғындардың далаға тек рұқсаттамамен шығуына және көлік қозғалысына қатысты шектеулердің барлығы алынады. Аумағы 2000 шаршы метрге дейінгі барлық толайым және азық-түліктік емес сауда орындары өз жұмысын бастайды. Қонақүйлер толыққанды жұмыс тәртібіне көшіп, Алакөл демалыс базасына алдын ала жолдама алуға рұқсат беріледі. Мамыр айының 15-інен әуе рейстері мен теміржол вокзалдарында билет сату басталады. Жалпы аумағының 30 пайызы ғана қамтылған жағдайда діни орындарға баруға рұқсат етіледі, - дейді әкім.
 
Оның айтуынша, мейрамханалар, дәмханалар және басқа да тамақтану орындары жұмыстарын бастайды. Әзірге тек жазғы алаңдар ашылады. Сонымен қатар онда жиналатын адам саны бір уақытта 30-дан аспау керек.
 
- Алтай, Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Көкпекті аудандары мен Риддер қаласында барлық білім беру орталықтары мен балабақшалар жұмысын қайта жалғастырады. Бильярд бөлмелері, караоке, клубтар, боулинг орталықтары, барлар да ашылады. Бірақ Семейден және басқа да аудандардан карантин шараларын толықтай алып тастауға әлі ерте. Осыған байланысты әзірге облыс шекарасындағы блокпосттар алынбайды, - дейді Даниал Ахметов.