ШҚО-да 1700-ден астам адам тері обырына шалдыққан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында «Тері қатерлі ісігі және меланома туралы республикалық ақпараттандыру апталығы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда өңір бойынша қанша адамның тері обырына шалдыққаны айтылды. Оған орталықтың сол саладағы білікті мамандарымен қоса, медицина ғылымдарының кандидаттары қатысты. Ақ халаттылар өз білгендерін ортаға салып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Шараның негізгі мақсаты - тері ауруларының алдын алу. Оларға үй жағдайында алғашқы көмек жасау тұрғысында мамандар өз білімдерімен бөлісті.
Хирург онколог Архат Хамзановтың сөзінше, тері аурулары бойынша облысымызға қарасты Глубокое ауданы, Шемонаиха, Алтай, Риддер қалалары алғашқы орындарда тұр.
— Бұл өте жоғарғы көрсеткіш. Тері ауруларын анықтаудың жолдары өте көп. Нақты айтар болсақ, дермодескопия яғни адамды жіті тексеріп қарау. Бұл бойынша түрлі тәжрибе алмасу сағаттары өтіп тұрады. Тері обыры және меланома бұл жиі кездесетін тері ауруларының қатарында. Ал онкологиялық аурулардың ішінде бұл алғашқы орында. Өткен жылғы мәліметке сәйкес 472 тері обыры тіркелсе, 41 меланома анықталды. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді, - дейді мамандар.