Шығыс Қазақстан облысында көктем шыққалы бері кене шаққан адам саны 2 мыңға жуықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде кене шаққандар саны күн сайын артып келеді. Кененің таралу маусымы сәуір айында басталған.
«Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 1904 адам кенеден зардап шеккен. Кене шағудың ең көп жағдайы Өскемен қаласында (995 адам) тіркелді. Одан кейінгі орында Риддер, Алтай, Глубокое, Шемонаиха, Катонқарағай, Зайсан, Самар және Ұлан аудандары тұр», - делінген ақпаратта.
Зардап шеккендердің ішінде 1802 адам кене энцефалиті вирусына қарсы иммуноглобулин алды. Қалған 102 адам арасында дәрігерлерге тым жай қаралғандар, қарсы медициналық көрсетілімдері барлар және иммуноглобулин алудан өз еркімен бас тартқандар бар.
Сондай-ақ Өскеменде 1 иксоидты кене боррелиозы немесе Лайма ауруы тіркеліп отыр. Ал жалпы Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитіне шалдыққан ешкім жоқ.