Алтай қаласындағы мектеп-лицейінде оқу кабинеттері ғана емес, асхана, кітапхана, мектеп дәліздері де айтарлықтай өзгереді. Сұрқы қашып, сүрі кеткен едендер тегістеліп, жаңа кафельдер төселмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Асханадағы айтарлықтай өзгеріс
Бүгінде оқу орны аумағында тоқтаусыз жүріп жатыр. Көптің көз қуанышына айналғаны рас. Себебі, кетеуі кеткен білім ордасына кәдімгідей өзгергелі тұр. Осы қарқыннан жаңылмаса, сапа жағынан да бас қатырмауға болатын сияқты. Кітапхананы сылау жұмыстарынан бастап, дәліздер мен мектеп бөлмелерінде еденін жаңартып, асхана еденіне кафельдер жаңадан қойылып жатыр. Тіпті бүкіл ғимарат бойынша электр сымдарын ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде.
– Мектеп-лицей ғимараты 1962 жылы пайдалануға берілген, осы уақыт аралығында күрделі жөндеу жұмыстары мүлде жүргізілмеді. Ішіндегі дүние-мүліктері әбден тозған. Биыл мектепті жөндеуге алғаш рет 68 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Аталған соманы игеру мақсатында қажетті жұмыстар басталып кетті, – деді мектеп директоры Фатима Нағибаева
Әсіресе, мектеп асханасы айтарлықтай өзгерген. Ас бөлмесінің ауданы бұрынғымен салыстырғанда 70 орынға дейін ұлғайтылды. Бетон еденді оқушылар да, ұстаздар да енді көре қоймас. Қазір жұмысшылар бригадасы кафель төсеп, қабырғалар мен төбені тегістеуде. Осыған дейін мектеп өз қаражатына желдету жүйесін жөндеткен.
Жаңа санитарлық ережелер стандарттарына сәйкес, желдету жүйелері және дезинфекциялау жұмыстары үш жылда бір рет жүргізілуі керек. Аталған жүйегі шаң-тозаң басқан, оны уақтылы тазалап отыру қажет. Наурыз айында мердігер табылып, мектеп бойынша осы жұмыстарға мән берілді. Жасаған бұл қадамымыз өзге оқу орындарына үлгі болды деп сенеміз, – деді мектеп басшысы.
Биылғы қайта жабдықтау жұмысына электр желілерін ауыстыру да кіреді. Тоқ көздері мен жаңа кабельдерді, ажыратқыштар мен тарату қораптарын монтаждау үшін 9,3 млн теңге жұмсалған.
– Ғимараттағы алюминий электр сымдары анағұрлым қауіпсіз саналатын отты оқшаулағышы бар мыс сымдарға ауыстырылды. Бұл мекемеде 62 жылдан бері ешқандай тоқ желілері ауыспаған. Мектеп дегеніміз – қауіпсіздік тұрғысынан көбірек назар аударуды қажет ететін нысан. Сондықтан электр желілерін ауыстыру өте дұрыс шешім. Ескі ажыратқыштардың барлығын қоқысқа тастау керек, – деді электриктер бригадирі Қуат Әбікенов.
Тамызда тәмамдамақ
Жоғарыда 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді десек, соның қомақты бөлігі жаңа еден төсеуге жұмсалды. Қаңсып тұрған тақтайлардың орнына еменнен әзірленген жаңасын орнатып жатыр. Бірақ еменнің ерекшелігіне оқушылар баға бере алмайтын сияқты. Себебі, жоспарға сәйкес оның бетіне ДВП материалын төсеп, артынша линолеуммен жабады. Жоғарыда айтылған жұмыстардан бөлек, мектептің суық су құбырлары жөнделген. Біршама тозған темір құбырларды алып тастап, орнына металлопластик қойды. Ал жылыту батареялары жартылай ауысты.
– Әрлеушілер қабырғалар мен төбені тегістеуге кірісіп кетті. Майлы бояумен боялған орындар сөзсіз көздің жауын алады. Қабырғаларды түсті коллермен боямаймыз, ақ түспен қалғаны дұрыс. Осылар аяқталған соң мектептің ажары кірері сөзсіз, – деді Фатима Ғапарқызы.
Білім ошағы басшылығының ақпаратынша, жұмысшылар қарбалас шаруаға кірісерде бірден жағдай ушыққан жерлерді қамтыды. Құрылысшылар да берілген тапсырмаға атүсті қарамай, уақтылы әрі сапалы етіп орындауға ниетті. Сәтін салса, барлығын тамыз айына дейін аяқтауды көздеген.
Алан БАЯХМЕТ