ШҚО-да 200-ден астам алимент төлемегендер анықталды

350
көрілім

Тәртіп сақшылары алимент бойынша қарыздары барларды мекенжай бойынша іздеп табуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көші-қон полициясы қызметінің бір бағыты – алимент төлеуден жалтарғандарды іздестіру. Жыл басынан бері 200-ден аса адам алимент төлемеген. Оларға қатысты деректер сот органдары мен жеке сот орындаушыларына шешім шығарып, шара қолдану үшін тапсырылды.

Мәселен қыркүйек айында полицейлер 45 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына алимент төлемей жүргенін анықтаған. Өскемен қалалық соты оны табысының ¼ бөлігін 5 жастағы баласына беруге міндеттеген. Бірақ әйел сот үкімін орындамағандықтан оның қарызы бүгінде 500 000 теңгені құраған.

Алимент төлеуден жалтарғандарды іздеу үшін сотқа жүгіну қажет. Онда жауапкерге қатысты іздеу анықтамасы шығарылады. Ол талапкердің мекенжайы бойынша полиция бөлімдеріне тіркеледі.

– Полиция қызметкерлері іздестірілушінің мекенжайын анықтап, борышкерден қарыз сомасын өндіріп алатын сот орындаушысына келуді міндеттейді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға сот шешіміне сәйкес төлем төлеу бойынша ата-ана міндеттерін үш айдан артық орындамағаны үшін ҚР ҚК 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз, – дейді ШҚО ПД мамандары.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ