Аймақтық коммуникациялар қызметінде ШҚО бойынша жемқорлықпен күрес департаменті басшысының орынбасары Әділхан Сабуровтың қатысуымен пресс-конференция өтті. Онда 2018-2019 жылы облыс көлемінде жемқорлықпен күреске қатысты жүргізілген шаруалар жөнінде кеңінен айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әділхан Сабуровтың айтуынша, жемқорлық Қазақстандағы ең актуалды мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықтың алдын алу, әшкерелеу, осы салаға қатысты қылмыстық істерді тергеу амалдарын көптеп жүргізеді.
2018-2019 жылдары департамент мамандары 35 қылмыстық істі ашты. Оның 28-і сотта қаралды. Ал қалған жетеуінде айыптылар қылмыстарын өз еріктерімен мойындады.
Брифинг барысында Әділхан Сабуров «Дарын» ҒЗМ директоры А.К.Ғафуровқа қатысты қылмыстық істі мысал ретінде атап өтіп, оның 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын және мемлекеттік қызметтен шеттетілген мәлімдеді.
– Мұндай қылмыстық істердің дені мемлекеттік қызмет түрлерін кезек күтпей алғысы келгендіктен туындайды. Біз қоғам болып жемқорлықпен күресуіміз керек, - деді Әділхан Сабуров.