ШҚО-да 20 сәуірден бастап тұрғындардан қару сатып алу бойынша акция басталады

431
көрілім

ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес азаматтарға сәуір айының 20-нан бастап өңір аумағында Халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу жөнінен акциясы өткізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл ретте заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондай-ақ қару-жарақ түрлерін өз еркімен тапсырғаны үшін қарудың техникалық жай-күйіне байланысты оның әрбір бірлігі үшін төлем көзделеді. Төлем сомасы 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін немесе ақшалай 29170 теңге мөлшерінде төленеді. Осы мақсатта ШҚО Полиция департаментіне 10 млн. теңге қаржы бөлінген.

- 2020 жылы азаматтардан 124 өтініш келіп түсті, соған сәйкес 177 бірлік атыс қаруы өз еркімен тапсырылды, төлем сомасы 10 млн.теңгені құрады. Атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды қабылдау ПД-ның әрбір аумақтық бөлімінде жүргізіледі, - дейді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Кездейсоқ жағдайдың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары азаматтардан табылған жарылғыш заттар және оқ-дәрілермен ешқандай әрекет жасамауды, ешбір жағдайда оларды тасымалдамауды, сондай-ақ кез келген полиция бөлімшесінің «102» арнасына хабарласуды сұрайды.

Айта кетейік, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында аталған акция барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.