ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның аймақта қалай орындалып жатқаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға қазір қаңғыбас иттерді ұйықтатуға және атуға тыйым салынғанын атап өтті. Оның орнына ұстау-зарарсыздандыру-вакцинация-қайтару және микрочиптеу бағдарламалары енгізілуде.
Атап айтқанда, өңірде жыл басынан бері 4478 иесіз ит-мысық ұсталып, 2320 қаңғырған үй жануары анықталды. 244 жануардың иесі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататыны белгілі болды. 210 иесіз ит пен мысық уақытша күтімге жіберілді, оларға вакцинация салынып, зарарсыздандыру жасалды.
Рамиль Сағандықов қазіргі таңда жануарларды аулау, уақытша ұстаумен айналысатын мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жанынан 11 қызмет ұйымдастырылғанын айтты. Олар жануарларды аулауға арналған құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қаңғырған ит-мысықты ұстауға арналған 11 орын бар.
Айта кетейік, биыл облыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды жүзеге асыруға 91 млн теңге бөлінген.