Облыста биыл он мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Мәлім болғандай, бүгінде орта білім беру жүйесі бойынша 343 мектеп жұмыс істейді деп хабарлайды, Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, «Жайлы мектеп» жобасы аясында былтырдан 3000 орындық 7 мектептің құрылысы жалғасуда. Нақты айтсақ, Өскеменде 1500 орындық 3 мектеп, Шемонаиха қаласында 300 орындық, Глубокое ауданында 600 орындық 2 білім ошағы және Риддер қаласында дәл сондай 1 мектеп. Қазіргі таңда орта білім беру жүйесі бойынша 343 мектеп жұмыс істейді. Алдағы 1 қыркүйекке жоспарланған баланың саны 98 мыңды құрап отыр. Жауапты тұлғалар сөзінше, білім беру ұйымдарының жылыту кезеңінде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге де көп көңіл бөлінеді. Облыстағы 343 мектептің 91-і орталықтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Қалған 252-сі автономды жүйеге негізделген. 2023 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда «Мектепке жол» республикалық акциясы басталған болатын. Жалпы республикалық акция 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін «Жақсылық жаса» ұранымен жалғасады. Акцияның мақсаты – мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті білім берумен қамтамасыз ету. Бұған қоса аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге оқу жылының басында дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету ұйымдастырылып отыр.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің сөзінше, 22 мың оқушыға мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға 957,3 млн теңге бөлінді.
– Облыс бойынша барлық 343 мектеп 100% интернет желісіне қосылған. 2023 жылы «Starlink» спутнигі арқылы интернет жылдамдығын арттыру үшін 170 мектеп анықталған болатын. Аталған жабдықты орнату жұмыстары 2024 жылдың 25 мамырынан басталды. Бұдан бөлек, мемлекет басшысының бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау жұмыстары да жалғасуда. Бұдан басқа, аз қамтылған отбасылардың барлық оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Одан өзге, күн сайын 4,6 мың бала үшін 103 білім беру ошақтарына оқушыларды автобуспен тасымалдау жұмыстары қолға алынды. Бұл мақсатта барлығы 126 автобус тартылды, – деді ол.
Атқарылған жұмыстар әлі де бар. Нақтылап тоқтала кететін болсам, 1 сәуірден 31 тамызға дейінгі аралықта балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүргізілуде. Аймақ бойынша 9668 бала бірінші сыныпқа тіркеліп отыр, қазір оның 9002-сі қабылданбақ.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 12 мың мұғалім жұмыс істейді. Барлық педагогтер белгіленген мерзімде курстық дайындықтан өткен, қазіргі таңда олардың 606-сы өздерінің біліктілік санаттарын арттырды.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ