ШҚО-да 230 көпбалалы ана баспаналы болды

450
көрілім

Шығыс Қазақстанның ауылдарында 230 көпбалалы ана бір күнде үйлі болды, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен ауыл әйелдерінің форумында айтты. ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және әлеуметтік-демографиялық саясатты қолдау жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастарылған форум «Әлеуметтік жауапкершілік, тең құқық пен мүмкіндіктер саясаты» деген тақырып алды. Шараның пленарлық отырысын ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ашып, өнегелі ісімен көпке үлгі болған бірнеше анаға құрмет грамоталары мен 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады.

- Біздің облыста 1300 ауылшаруашылық кәсіпорын мен 790 шағын және орта бизнес нысанын әйелдер басқарады. Бір ауданның әкімі әйел адам. 24 ауылдық округті нәзік жандылар басқарады. 57 әйел мәслихат депутаты болса, 372 әйел мемлекеттік органдарда басшылық қызмет етіп жүр. Көпбалалы аналарды қолдау - облыстағы әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып саналады. Ол үшін тіпті арнайы өңірлік бағдарлама қабылданған болатын. Дәл бүгін 230 көпалалы ана баспанамен қамтылды. Бұл - аталмыш бағдарламаның бір кезеңі ғана. Көпбалалы жанұядан шыққан балалардың барлығы балабақшада тегін тәрбиеленіп, колледждерде тегін білім алады. Мектепте аталмыш санаттағы балалар тегін тамақпен қамтылған. Жаңа оқу жылында олардың бәрі тегін мектеп формасын алатын болады, - деді Әсем Нүсіпова.

Бірнеше топ пен секцияға бөлінген ауыл әйелдеріне жанының нәзіктігіне қарамастан, жауапты жұмысты мойынға алып, қатарының алдын болып жүрген аналар өз тәжірибелерін баяндады. Шай бизнесін табысты жолға қойған Татьяна Смола мен «Айка» шаруа қожалығы базасында өңірдегі танымал туристік нысан ашқан Аэлита Ахметсәлімқызының дәрісін тыңдауға ниетті қыз-келіншектер көп болды. Форумның практикалық бөлігінде Қазақстан көлемінде аты танылған іскер әйелдер жеке шеберлік сағаттарын өткізді.