ШҚО-да 27 гидротехникалық құрылыс шұғыл жөндеуді талап етеді

489
көрілім
Шығыс Қазақстандағы 27 гидротехникалық құрылыс шұғыл жөндеуді талап етеді. Көктемде қардың еруі, су мөлшерінің көтерілуі секілді табиғи құбылыстың салдарына бөгеттер мен тоғандар төтеп бере алмауы әбден мүмкін, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жалпы облыста барлығы 66 гидротехникалық құрылыстар бар, соның ішінде 61 тоған бөгеті және су қоймалары. Олардың барлығы 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, осы гидротехникалық құрылыстардың 27-сі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Атап айтқанда, бөгет денелерін қалпына келтіру, суағар құбырларды тазарту, мұздан қорғауды қамтамасыз ететін тозған жабдықтарды қалпына келтіру, су шығарғыштар мен су ағар құбырларды жөндеу секілді жұмыстар аса қажет болып тұр.

Апатты жағдайдағы гидротехникалық құрылыстардың тізімі әлеуметтік шиеленіс тудырмау үшін «қызметтік бабында пайдалану» статусына ие, – деп хабарлайды басқарма.

Келер жылы жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшін сараптамалық техникалық тексеру жүргізу жоспарлануда. Оның қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарының құны анықталмақ.

Әзірше осы жағдайдың қоршаған ортаға зиянын барынша төмендету, алдын-алу мақсатында бөгеттер мен тоғандардың су көлемін түсіріп отырады. Бұл құрылыстардың жөнделмеуі жергілікті бюджеттің шектеулі мүмкіндіктеріне байланысты болып отыр екен. Сол себепті оларды кезең-кезеңмен жөндеуге мәжбүр.