ШҚО-да 2 адам отқа оранған үйдің терезесінен шығып үлгерді

327
көрілім

Глубокое ауданына қарасты Беолусовка кентінде жер үй өртеніп, екі адам терезені шағып аман қалды, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға кеше, түс кезінде болған. Үйден қою түтін шыққанын көріп, көршілері өрт сөндірушілерге хабарлайды. Төтенше жағдай өкілдері келгенше көршілері үйдің терезесін шағып, іште қалған екі адамды құтқарып қалған. Кейін үй иелерінің мас болғаны анықталды.

- Біз келгенде іштегі екі адам терезе арқылы сыртқа шығыпты. Екеуі де медициналық көмектен бас тартты. Ал өртті ауыздықтауға 2 өрт сөндіру бөлімі мен тау-кен құтқарушылар жасағы жұмылдырылды. Өрт ауыз үйден басталған. Ерлі-зайыптылар соның арқасында аман қалды. Қызыл жалын 120 шаршы метр аумақты қамтыды. Үйден газ баллоны табылды. Абырой болғанда ол жарылып үлгермеген, - дейді №24 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Мейрамбек Дайранов.

Өртке электр құрылғысының ақауы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.