Шығыс Қазақстан облысында тәуелсіздіктің 30 жылында сегіз миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семейде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Онда ел дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері мен қала белсенділері марапатталды. Жиналғандарды айтулы датамен ШҚО әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділов құттықтады.
«Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қуатты Қазақстанның негізі қаланып, халықаралық аренадағы беделі артты. Тәуелсіздік жылдары тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық саяси реформалар қабылданды. Шығыс Қазақстан облысында өмірдің барлық салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 есеге артып, өңірді дамытуға 5,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыстардан аман-есен өткен біздің ірі кәсіпорындарымыздың өнімі 30 жыл бұрын 28 млн теңгені құраса, бүгінгі күні жылына 2 трлн теңгеге жетті», - деді ол.
Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері 9 есеге ұлғайды. 8 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 88 мыңнан астам адам баспаналы болды.
«Семей және Өскемен қалаларының әуежайлары қайта жаңартудан өтті. Үш мың шақырымнан астам жол жөнделіп, 41 көпір салынды. Қазіргі уақытта Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Осы жетістіктердің барлығы - шығысқазақстандықтардың күнделікті еңбегі, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруларының нәтижесі», - деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.