Семей қаласының полиция бөліміне шаруа қожалығының басшысынан өрістен 15 бас жылқының жоғалғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мал иесі келтірілген залалды 3 миллион теңгеден астам деп бағалаған. Аталған факті ҚР ҚК 188-1-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді және тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлар бірлесе куәгерлерден жауап алып, мал тасымалдайтын көліктер, ет пен мал сататын сауда орындарын мұқият тексерді.
– Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысты күдіктіні тез арада құрықтады. Ол 47 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты және күдікті кінәсін толығымен мойындады. Тергеу барысында өткен жылдың аяғынан бастап қазіргі уақытқа дейін осы шаруа қожалығының аумағынан 32 бас жылқы ұрлағаны анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында ұсталған барымташының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Сонымен қатар ұрланған жылқыларды сатып алушы да анықталды. 52 жастағы қала тұрғыны 12 бас жылқыны сатып алып, оның 11 басын сатып жіберген. Мойындау айғақтары заттай алынған дәлелдемелермен расталды.