ШҚО-да 34 млрд теңге жұмсалатын жоба Антикор бақылауына алынды

119
көрілім
Фотосурет Baq.kz сайтынан

Облыс көлемінде іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының бақылауға алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысы Денис Шакенов қазіргі уақытта мектептерге оқушылар сыймай жатқанын жеткізді. Жобаға сәйкес, үш жыл ішінде облыста 4200 орынға шақталған 10 мектеп құрылысы жоспарланған. Ауқымды жұмыстың жалпы құны – 34 млрд теңгеден асады.

– Тапсырыс берушімен бірлесе, жобалық-сметалық құжаттаманың қалай әзірленіп жатқанын онлайн бақылап отыру үшін тиісті бағдарлама жүйесі қолданылуда. «Бизнеске жол» жобасы да осы сияқты қатаң бақылауда. Бұл ретте «Атамекен» Палатасы қолдау білдіруде. Әкімшілік кедергілер деген бар. Мұны әр жиында кәсіпкерлер айтып отырады. Осы жобаны іске асыру кезінде 30 мәселенің шешімі табылды, – деді жауапты тұлға.

Анықталғандай, кәсіпкерлер көбіне өз ісін жүргізуге қажетті базалық құжаттар алу кезінде кедергілерге тап болды. Кейбірі жер алу кезінде қиналған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ