Еліміздегі жеке кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қайтарымсыз қаржыландыруға ие болу үшін өңір кәсіпкерлері өз жобаларын ұсынған болатын. Жуықта сол жобалардың іріктеу байқауы аяқталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауға жалпы 90 өтінім түсіп, оның 35-ін комиссия мақұлдады. Іріктеуден сүрінбей өткен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері бизнес-идея және индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландыру алады.
– Кәсіпкерлердің көбі жақсы, қызықтыратын жобаларды ұсынды. Мәселен, Үржардың «Қошанова» жеке кәсіпкерлігі кептірілген жеміс-жидек өндірумен айналыспақ. Кәсіпкердің жеке бағы, жеміс сақтайтын қоймасы да бар. Бұл жоба экономиканың басым бағытына жататынын ескерсек, және мұндай шаруашылықты өңірде ешкім қолға алмағандықтан бәсекеге қабілетті болады, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономика мәселелері жөнінде орынбасары Оксана Желякова. Палата өкілі комиссия құрамында болды.
Үржар кәсіпкері жобасының құны – 3 млн 945 мың теңге. Оның ішінде 3 млн гранттық негізде берілді, қалғаны – кәсіпкердің жеке қаржысы.
Өңірде туризм саласын дамыту қолға алынғандықтан Бесқарай ауданынан тұрғыны кәсіпкер азаматтың «Жол бойындағы сервис орталығын құру» бойынша жобасы қаржыландырылды. Жоба құны – 3 млн 300 мың теңге. «Сайран» жеке кәсіпкерлігі де 3 млн теңгеге қаржыландырылады.
Өткен жылдармен салыстырғанда биыл мақұлданған жобалар саны өскен. Былтыр өңір бойынша грантты 9 кәсіпкер жеңсе, биыл грант алғандар саны –35 адам. Гранттық қаржыландыру 8 жыл бойы жалғасады. Бұрын бұл мақсатқа 15-18 млн теңге қаржы бөлініп келген. Биыл қаржыландыру көлемі айтарлықтай өскен.