ШҚО-да 3,2 млрд теңге бөлінген алты спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр

290
көрілім
Фотосурет opennews.kz сайтынан

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиын кезінде жауапты тұлғалар осындай ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша аймақта 1687 спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Оның 1166-ы ауылдарда орналасқан. Бірнеше ауданда қомақты қаржы бөлінген құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр.

– Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 3,2 млрд. теңге болатын алты дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде, жаңадан құрылған Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарындағы (Үлкен Нарын ауылындағы спорт кешені – 429,7 млн. теңге, Марқакөл ауылындағы спорт кешені – 390,0 млн. теңге) қос нысанды айта кетуге болады, – деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев.

Одан бөлек, биыл жалпы құны 2,3 млрд. теңге болатын төрт жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетіліпті. Оның ішінде: Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында спорт кешенін салу және Орталық стадионын реконструкциялау, Жарсу ауылында мектептің спорт корпусын және Зайсан ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында спорт модулін салу. Айтпақшы, аталған басқармадағы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Архат Болатхан Үлкен Нарын ауылындағы құрылысы өгізаяңға басқан бассейн бойынша жұмыс барысы бірқалыпты екенін жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ