Өңірде бүгін сағат 09:50-дегі жағдай бойынша 3 адамның коронавирус жұқтырып алғаны мәлім болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қауіпті инфекцияны Семей қаласының екі тұрғыны жұқтырған. Атап айтқанда, аурухадан тыс жағдайда пневмониямен ауырған 1984 жылғы әйел адамнан алынған скринингтік ПТР тестілеу нәтижесі оның коронавирусты жұқтырғанын көрсетті, деп хабарлайды Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жедел штабы. Келесі науқас 1972 жылғы әйел адам, оның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны профилактикалық тексеру барысында анықталды.⠀
Вирусты жұқтырған үшінші адам Өскемен қаласының 1949 жылғы тұрғыны. Алгоритмге сәйкес COVID-19-ға 21 сәуір күні коронавирус расталған науқаспен байланыста болған адам ретінде тексерілді. ПТР талдау нәтижесі бұл әйелдің де вирус жұқтырғанын көрсетті. Қазіргі уақытта олар жұқпалы аурулар стационарына оқшауланып, қажетті ем қабылдап жатыр. Олармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оқшаулау бойынша эпидемиологиялық тексеру шаралары күшейтіліп, қарқынды түрде жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, үш жаңа жағдай бойынша 6 ошақ анықталған. 33 байланыста болған адам тіркелген. Оның ішінде, жақын байланыс жасағандар саны - 18, байланыс жасауы ықтимал жандар саны - 15. Жалпы, облыс бойынша коронавирус жұқтырған - 15, жазылып шыққан 5 адам бар.