ШҚО-да 3 жыл ішінде аса ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін сотталған адамдардың саны өсті

142
көрілім
Фотосурет astanatv.kz

Облыс прокуратурасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі статистика алаңдатып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Себебі, соңғы 3 жылда облыста есірткі заттарын, оның ішінде синтетикалық түрлерін аса ірі көлемде сатумен байланысты қылмыстар үшін сотталғандар санының өскені байқалады. Атап айтқанда, 2022 жылы Өскеменде - 21 адам, 2023 жылы - 22 адам,  2024 жылдың 5 айында - 14 адам сотталған.

- Сот барлық адамдарды ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы шегінде 10 жыл және одан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Естеріңізге сала кетсек, аса ірі көлемде есірткі сатқаны үшін қылмыстық жаза 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады, - делінген мәліметте.

«Синтетика» таратушылардың орташа жасы 18-25 жас аралығын қамтиды. Оның ішінде ұлдар ғана емес, жас қыздар да бар.

- Мысалы, 2024 жылғы 16 сәуірдегі сот үкімімен жиырма жастағы К. деген азамат психотроптық заттарды сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот анықтағандай, сотталушы «Telegram» мессенджері арқылы тергеумен анықталмаған адаммен қылмыстық келісімге келіп, аса ірі көлемде «αпирролидиновалерофенон» психотроптық заттарды сақтап, оларды жасырын орындарға салу арқылы сатумен айналысқан, - деді прокуратрура өкілдері.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен салмағы небәрі 1 грамм болатын синтетикалық есірткі қазірдің өзінде аса үлкен мөлшерге жататынын айта кету керек.