Ауқымды шара Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылының маңында болды. Ұйымдастырушылар қатысушылар саны былтырмен салыстырғанда екі есеге көбейгенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жерде бірінші, екінші орын деген берілмейді. Бірақ астарында одан да маңызды, құнды дүниелер жатыр. Айталық, республиканың әр өңірінен, тіпті шетелдік меймандарды тарта отырып, туризмді дамыту немесе кез келген жастағы адамды спортты серік етуге баулу.
Осы жолы ұзын-саны 400-ден астам адам келді. Барлығы алдын ала ақпарат алып, киім-кешегін түгендеп, керек-жарағын реттеп, Ұлан топырағына артынып-тартынып жетті. Шара тек Қызылтас тауына шығумен шектелмейді. Одан бөлек, салт атпен серуендеу, джип-тур, музейдегі көрме ұйымдастырылды. Көңілі соққандар сол маңда садақ атып, мергендіктерін сынап көрді.
– Мұны рекорд деп айтуға болады. Қатысушылар саны бұдан да көп болар еді. Елдегі су тасқыны жағдайына байланысты өтетін мерзімі шегерілді. Содан болар, әу баста 700 адам келеді деп топшылаған шараға келушілер саны 400-ге дейін кеміді. Дегенмен осы іспетті турлар өткізу арқылы Шығыстың туризмін дамытуға болады. Сенесіздер ме, осы жаққа келгісі келген кей адамдар тікұшаққа билет алып, Өскемендегі қонақүйлерде аялдап, сенбінің таңында әзір тұрды. Өскеменнен бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларынан келді, – шараны ұйымдастырушылардың бірі Мұхтар Тойбазаров.
Құтқарушылар алдын ала учаскелерді бөліп, көпшілік жүретін жерлерге белгі орнатты. Жұрт сол арқылы тауға шықты. Республикалық деңгейге ұласқан шараға демеушілік танытқан мекемелер біршама. Бүркітші Бақытбек Манайұлы да қазақы болмысты көрсетіп, құсын Қасым Қайсенов кентінен арнайы әкелген. Туристер оны айналшықтап, суретке түсуге асықты. Айта кетейік, Қызылтасқа бірінші шыққан адам мен келесі қатысушының аралығы 3 минут 5 секундты құрады. Бұрымдылар арасында Астанадан келген Айгүл Хасенованың қимылы ширақ, қадамы нық болды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ