ШҚО-да 40 мың гектар жер Қытайға сатыла ма?

442
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл сұраққа облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова жауап берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, ешқандай жер қытай инвесторларының қолына берілгелі тұрған жоқ.

– Қазіргі уақытта Үржар ауданының аумағында 300 га жер мемлекеттік резервтен шығарылған. Осы екі учаскеге құс фабрикасын салу жоспарлануда. Ауқымды құрылыс жұмыстарына қазақстандықтар мен шетелдік инвесторлар да қатыса алады. Жерді сату туралы ешқандай әңгіме жоқ. Сонымен қатар Үржар ауданында 40 мыңға жуық гектар ауылшаруашылық телімдері құс фабрикасының жемшөп қорын қамтамасыз ету мақсатына мемлекет меншігінде сақталып тұр, - дейді В.Барсукова.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, жоғарыда айтылған 40 мың гектар жер  бұрынғыдай мемлекет меншігінде қала бермек. Аталған аумаққа болашақта салынатын құс фабрикасының азығы, яғни тауық жеміне арналған дәнді дақылдар егіледі. Заң бойынша бұл жерлер мемлекет меншігінде, сондықтан аталмыш учаскелерді сатуға немесе шетелдіктерге беруге ешкімнің ешқандай құқығы жоқ. Жер тек қана Қазақстан азаматтарына немесе шетелдің қатысуынсыз заңды тұлғаларға ғана беріледі.

Әлеуметтік желілерде 40 мың гектар жердің шетелдіктерге берілетіні туралы ақпарат тарап халық арасында алуан түрлі пікір айтылып жатқаны белгілі. ШҚО жер қатынастары басқармасы аталмыш ақпараттың жаңсақ екен және ешқандай шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.