ШҚО-да 421 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті

418
көрілім

Өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы 5,2 мың шақырым, оның ішінде 1,2 мың шақырымы республикалық маңызы бар жол, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осы 5,2 мың шақырымның 1,6 мыңы – облыстық, 2,4 мыңы аудандық маңызы бар жол болып саналады. Биыл 421 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Қалбатау-Майқапшағай республикалық маңызы бар жолдарды қайта жөндеу жалғасуда. Жобаны «ҚазАвтоЖол» АҚ жүзеге асырып жатыр және ҚР Көлік министрлігінің бақылауында.

Ұзындығы 786 шақырымға созылған Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолының 60 шақырымы Өскемен арқылы өтеді. Толықтай асфальт төсенішімен қамтыған. Мердігер ұйым – Ситик Констаркшн (ҚХР).

Қалбатау – Майқапшағай жолының жалпы ұзындығы 415 шақырым. Соның 231 шақырымы Шығыс Қазақстан облысы арқылы өтеді. 211 шақырымы қайта жөнделді, қалған 20 пайызына гравий төселген. Мердігер ұйым – Синь-Синь (ҚХР) компаниясы.

«Өскемен – Рахман қайнарлары» республикалық маңызы бар учаскенің 56-72, 72-88 шақырымы аралықтарын жөндеу күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік орман қоры жерін қайта ресімдеу кезінде кедергілер туындап, жөндеу жұмысы тоқтап қалған болатын. Жобаға түзету енгізу (56-72 шақырым) 2022 жылы аяқталды. 2023 жылдың мамыр айында мердігер анықтау мақсатында конкурс өтіп, оны «Kurylys Group RK» ЖШС ұтты. Алайда қаржыландырудың болмауынан келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ. Қолда бар дерекке сүйенсек, 2024 жылы бұған 5 млрд теңге бөлу қарастырылған. 72-88 шақырым бойынша әлі түзетулер енгізіліп жатыр. 2024 жылдың наурыз айына дейін тәмадалуы мүмкін.

ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір құрылысын өз бақылауына алған. Жобаның жалпы құны – 61,4 млрд теңге, соның 27,4 млрд теңгесі игерілді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылға 8 млрд теңге бөлініп, игеріліп қойды. Жұмысты аяқтау үшін тағы 34 млрд теңге қажет.