Қолда бар мәліметке сүйенсек, тек осы жылдың өзінде әкімшілік полиция өкілдері 400-ден астам жолға тексеру жүргізіп, бұзушылықтарға жол берген 45 жол қызметінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл тізімде қала, ауылдық округ әкімдері, ТҮКШ бөлімдерінің басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор өкілдері, мердігерлік ұйымдардың заңды тұлғалары да бар.
Ішкі істер органдарының басты міндеті жол-көлік оқиғаларын азайту, жолдардың қауіпті учаскелерінде жүргізушілердің назары мен шоғырлануын арттыру екені белгілі.
- Осы мақсатта биыл Полиция департаментінің ұсыныстары бойынша Өскемен және Семей қалаларында алты бағдаршам объектісін орнату және жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған. Осы қалаларда 30-дан астам оң жаққа түсу съездерінің құрылысы бойынша жұмыстар жалғастырылады, - деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.
Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 230 км жүріс бөлігінің жабынын орташа жөндеуді орындау қажет. «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, инвестициялық жобалар шеңберінде республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» және «Омбы - Майқапшағай» жолдарының 842 шақырымын реконструкциялау бойынша жұмыстар жалғасуда. Осыған ұқсас іс-шараларды облыс орталығы мен Семей қаласында өткізу жоспарланып отыр.
Полиция жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи құралдарын қолдану, белгілерді ауыстыру, жол жабынын жөндеу облыстың барлық қалалары мен аудандарында жоспарланғанын атап өтті.