ШҚО-да 470 мың адам медициналық маскамен тегін қамтамасыз етілмек

353
көрілім
Шартты фотосурет

Олыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен 25 наурыздан бастап мақта матадан медициналық маска тігу қолға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Семей қаласындағы «УК Юнис» және «СемСпецСнаб» ЖШС мекемелері маска тігу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Осыған дейін өңірде дәкеден медициналық маска жасау жолға қойылған болатын.

– Бүгін біз 30 мың метр мата алдық. Ертең тағы да қосымша мата жеткізілмек. Бұл 1 млн дана маска тігу үшін жетіп тұр. Бұған дейін дәкеден төрт қабатты маска жасағанбыз, ал енді екі қабатты маска мақта матадан тігілмек. Негізінен осы материалдан тігу әлдеқайда оңай, – дейді «СемСпецСнаб» ЖШС директоры Айнұр Ахметова.

Жуықта медициналық маскалар сатылымға шығарылады. Шығыс Қазақстанның 470 000 тұрғыны маскамен тегін қамтамасыз етіледі. Оның ішінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, барлық топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен зейнеткерлер бар.