Өңірде биыл 5 колледж жатақханасының құрылысы басталмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы Семей қаласындағы медициналық және электротехникалық колледж студенттеріне арналған 700 орындық 2 жатақхана бой көтерген болатын. Осы жылы тағы 5 жатақхананың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның екеуі мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынбақ. Бес жобаның бірі – Өскемен құрылыс колледжінің тоғызқабатты 244 орындық жатақханасы.
– Колледжімізде жылына 400-ге жуық студент оқиды. Олардың 30 пайызға жуығы басқа жақтан келгендер. Сондықтан жатақхананың ашылуы студенттердің баспана мәселесін шешіп, білімге қолжетімділікті арттырады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Мұнда тек біздің ғана емес, басқа да колледж студенттері тұратын болады, – дейді Өскемен құрылыс колледжінің директоры Николай Токарев.
Сондай-ақ тоғызқабатты 244 орындық жатақхана Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі үшін де салынады. Ал Өскемен медициналық колледжінің студенттеріне арналған 428 орындық екі жатақхана бой көтермек. Аягөз политехникалық колледжінің студенттеріне бесқабатты 104 орындық жатақхана жобасы әзірленген. Семей бизнес және сервис колледжі үшін 288 орындық бес және жетіқабатты жатақханалар салынбақ. Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстанда колледж студенттеріне арналған 31 жатақхана бар. Онда 3,5 мыңнан астам студент тұрады.