ШҚО-да 5 күнде 18 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

375
көрілім

ШҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Контрафакт» жедел алдын-алу шарасы барысында 5 күн ішінде 18 интернет-алаяқтық фактісін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Мәселен облыс орталығының 29 жасар тұрғыны «Finkap» несие мекемесінен алаяқтық жолмен ақшалай несие рәсімдеген. Аталған істі тергеп-тексеру барысында күдікті өткен жылы дәл осындай заңсыз әрекетке барып 22 жасар қала тұрғынына материалдық залал келтірілгені анықталды.  

Бүгінгі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 4 және 311-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Семей қаласының полиция қызметкерлері Аягөз аудандық полиция бөлімшесіндегі әріптестерімен бірлесе отырып пәтерін жалға беретіндігі туралы жалған жарнама берген күдіктіні қолға түсірді.
Ол алдымен тұрғындардың сеніміне кіріп, кейін пәтерін жалға беретіндігі туралы жарнама берген. Соған сенген клиент «Киви кошелек» қосымшасы арқылы алдын ала ақша аударып жіберген. Ақша қолына тиісімен «пәтер иесі» хабарсыз кетеді.

Осыған ұқсас жағдай Өскемен қаласында да қайталанды. Дәлірек айтқанда қала тұрғыны өз құжатын жоғалтып алған. Кейін оған бөгде адам хабарласып, құжатын тауып алғанын, сүйіншісін берсе қайтарып беретінін айтып, абоненттік номер жібереді. Оған сенген құжат иесі ойланбастан ақша салады. Алаяқ әдеттегідей ақша қолына тиген соң телефонын сөндіріп тастаған.

Тергеу барысында күдіктілер қылмыстарын мойындап түсінік берген.

Жалпы алғанда ШҚО бойынша «Контрафакт» жедел алдын алу шарасы барысында 18 интернет-алаяқтық фактісі анықталып, ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жасалған 20-дан астам істің беті ашылды.

ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындарына өте сақ болуды, ақпараттың шынайы екеніне көз жеткізбей жатып өзіңіз туралы жеке мәліметтер мен қаржы аударудан аулақ болуды ескертеді. Егер инернет-дүкенге тапсырыс беретін болсаңыз, міндетті түрде ол туралы пікірлермен, толық мәліметтермен танысып алғаныңыз жөн. Күмән тудыратын жағдайлар орын алса, бірден «102» нөміріне хабар беріңіз.