ШҚО-да осы уақытқа дейін 700 мың текше метр қар шығарылған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметовтың халық алдында есеп беру кездесуінде Өскемен қаласының тұрғындары қар шығару жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығына шағымданды. Облыс әкімі алдағы уақытта бұл мақсаттағы жұмыстардың күшейтілетіндігін айтты.
- Өңір бойынша 700 мың, ал Өскеменде 125 мың текше метр қар шығарылған. Бұл өткен жылғыдан 2 есеге көп. Әрине, жауапты мекемелер өз жұмыстарын толық атқаруы керек. Осы орайда тиісті тапсырмалар берілді, - деді ол.
Оның айтуынша, 108 елді мекенде су тасқыны жүру қаупі бар. Бұған себеп – тау өзендеріндегі қар мөлшері орташа жылдық нормадан 20-50%-ға жоғары.
- Тасқынның алдын алу мақсатында қосымша мұз жару жұмыстарына 150 млн теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда бұл соманы көбейтеміз. Сондай-ақ ірілі-ұсақты 222 су қоймасы бақылауға алынған. Ыдыс-қап пен инертті материалдар әзірленуде, - деді Даниал Кенжетайұлы