Бұл туралы ақпарат облыс әкімдігінде өткен жиын кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев қазір «агрессивті несие алу» кең етек алып бара жатқанын жеткізді. Сөзінше, жастардың қарыздануы аймақ көлемінде өзектілігі бойынша алғашқы үштікке кіреді.
- Иә, бұнымен жапсарлас басқа да тақырыптар бар. Айталық, бұзақылық, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзу және басқасы. “Агрессивті несие алу” басшылық тарапынан анонимді сауалнама өткізуге мәжбүрледі. Сауалнама үш ЖОО мен 36 колледжде өткізілді. Соған сүйенсек, 18-25 жас аралығындағы 7 мыңға тарта жастың мойнындағы қарызы - 4 млрд теңгеге жеткен. Олардың түрлі банктер мен қаржы орталықтарының алдында берешегі бар. Сауалнама көрсеткендей, балаларының қарыз алғанын ата-аналары білмейді, - деді аппарат басшысы.