Қарттар күні мейрамына орай бірқатар орындарда шаралар ұйымдастырылып, көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының айтуынша, облыста сегіз қарттарға арналған үй бар. Олардың ішінде 1050 зейнеткерге арнайы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Ерекше күнге орай Глубокое ауданының Солнечный ауылында орналасқан арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына барған басқарма қызметкерлері қарттарды мейрамдарымен құттықтап қайтты.
– Қазір зейнеткерлерге лайықты жағдай жасау үшін барлығы жасалуда. Біз өзінің күш-қуатын Отанға, қоғам мен отбасына арнаған адамдардың алдында жауаптымыз. Сондықтан алғыс айта отыра, сіздерді күту мен қорғауға бар жігерімізді арнайтынымызды жеткізгім келеді, – дейді басқарма басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Айта кетейік, аталған орталықта балалары жоқ немесе зейнет жасына келген және 1-2 топтағы мүгедектерге 95 адам қызмет көрсетеді.
Орталық директоры Баян Назбиевтің сөзінше, мұнда бүгінде 120 адам тұрып жатыр. Көпшілігі қарттар. Өмірдің ащы-тұщысын татқандар мен балаларының соңынан ермей туған жерлерінде қалғандар. Оған қоса күтушілері жоқ адамдар бар. Орталықтағы жасы ең үлкені 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері.