ШҚО-да 8 орман өрті тіркелді

209
көрілім
Фотосурет ser-per.kz

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге азайған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Былтыр 21 орман өрті тіркеліп, 284,7 га жер өртенді. Тілсіз жаудан келген залал мөлшері 2 млн теңгеден асады. Жауапты тұлғалар сөзінше, облыстағы ормандардың жалпы көлемі 2,9 млн га құрайды.
- Биыл өрт мауысымы 8 сәуірден бастап белгіленді. Шілде айының 7-14 аралығында табиғи өрттердің алдын алу мақсатында «Орман» жедел-профилактикалық іс-шара барысында Департамент және құзырлы органдар 79 рейдтік шара өткізді, - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратта.
Олар орман аймағында орналасқан объектілердің (қонақ үй, демалыс үйлері, пансионаттар, сауықтыру лагерлері, балаларға арналған жазғы демалыс орындар) қожайындармен кездесіп, қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
- Орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ҚР заңына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске алуымыз қажет. Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы, оны алдын алу және сөндіру мақсатында облыстық орман шаруашылығы мекемелері ТЖД-мен және полиция Департаментімен бірлесіп, практикалық іс-шаралар жүргізуде. Атап айтсақ, 279 адамнан тұратын 50 бірлескен мобильді топ құрылды. Олар жүргізген рейдтер нәтижесінде 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 23-і ескерту алып, белгіленген көлемде айыппұл алды, -деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Медет Мұқашев.
Халықты ақпараттандыру мақсатында ауыл тұрғындары мен іскер азаматтардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелері өрт қауіпсіздігін сақтау үшін далаға минералдандырылған жолақ орнатты.
Төтенше жағдайлар департаментіндегілер өрт ауқымын анықтау үшін қолданатын 9 ұшатын аппарат жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бұл квадрокоптерлер Асубұлақ, Алтай және Риддер қалаларында қолданады. Облыста тілсіз жауды қадағалап тұратын арнайы 46 өрт сөндіру бекеттері қойылды.