ШҚО-да 93 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады

212
көрілім
Фото:kid.travel сайтынан

Шығыс Қазақстан облысындағы 1-10 сыныптар аралығындағы 93 482 оқушыны жазғы демалыс және сауықтырумен қамту жоспарлануда. Оның ішінде 4850-і көпбалалы және аз қамтылған отбасының балалары, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл өңір бойынша 420 жазғы лагерь жұмыс істейді. Қала шетіндегі 15 лагерьдің 11-і мемлекеттік, 4-і жекеменшік. 270 лагерь мектеп жанында болса, 135-і бейіндік алаңдар.

— Сонымен қатар мектеп оқушыларының Алматыдағы «Бөбек» және «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында жыл бойы тегін демалуға мүмкіндіктері бар. Жыл басынан бері осы орталықтарда 156 бала демалып үлгерсе, желтоқсанға дейін тағы 277 оқушы жолдама алады. Балалардың бос уақытын және демалысын ұйымдастыруға облыстағы 819 тәрбиеші мен тәлімгер, 670 қосымша білім беру педагогы мен 250 медицина қызметкері, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған педагогикалық ұжымдар жұмылдырылады, — дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева. 

Жазғы каникул кезінде облыстың қала шетіндегі балалар лагерінде 8100 оқушы демалса, мектеп жанындағы лагерьлерге 18 672 оқушы барады. Сондай-ақ 36 қосымша білім беру ұйымында 37 900 балаға күндізгі лагерьлер, пікірсайыс алаңдары, шығармашылық студиялар, спорт секциялары ұйымдастырылмақ.

— Жас натуралистер станцияларында далалық экологиялық мектептерде 750 жас зерттеуші қоршаған ортаны, оның ішінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мониторингке қатысады. 27 аула жасөспірімдер клубы, коворкинг орталықтары және 3500 оқушыға арналған үйірмелер жұмыс істейді. 24 560 оқушы мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен киелі жерлерге экспедициялар мен туристік маршруттарға сапар шегеді, — дейді басқарма басшысы. 

Балалар туризмін дамыту мақсатында 200 жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен туристік жарыстардың жеңімпаздары үшін Бұқтырма су қоймасына теплоходпен қызықты бір күндік экскурсиялар өткізіледі. «Жаздық жолдама» республикалық жобасының аясында ауылдың 5-8 сынып оқушылары — оқу озаттары, олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен 689 бала «Дарын» лагерінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына демалмақ.

— Былтыр жазғы демалыс кезінде «Қонақжай отбасы» жобасы жүзеге асырылған. Биыл жобаның географиясы кеңейеді. Жоба 50 отбасын және 120 баланы қамтитын 3 ауданның 6 елді мекенін қамтиды. Атап айтқанда, Катонқарағай, Глубокое аудандары мен Риддер қаласы. Жоба балаларды қазақ тілін әдеттен тыс, бірақ өте тиімді форматта оқытуды — оларды тілдік ортаға толығымен сіңіруді көздейді. Сонымен қатар балаларға өлкенің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танып білуге, қазақтың халық аспаптарында ойнап, киелі жерлер мен тарихи ескерткіштерді аралауға мүмкіндік беретін бағдарлама дайындалды, — дейді Иннеса Чернышева.

Бұдан бөлек, жазғы демалыс кезінде Самар ауданында жұмыс істеп тұрған «Балауса» лагерінің базасында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында 7-8 сынып оқушылары үшін әскери-патриоттық лагерь ашу жоспарлануда. Лагерь бағдарламасына дәстүрлі іс-шаралармен қатар әскери-тактикалық ойындар, әскери қызметкерлермен кездесулер, алғашқы әскери дайындық элементтері енгізілген.

Айта кетейік, балалардың жазғы демалыс уақытында сапалы және қауіпсіз сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мақсатында облыста полиция, төтенше жағдайлар департаменттері, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары өкілдерін тарта отырып, облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.