Бұл туралы ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаевтың қатысуымен өткен онлайн кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшімі.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және облыстық Білім басқармасы бірлесіп өткізген жиын барысында Президенттің 2020 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен бекітілген ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын жан-жақты түсіндірілді.
Шара барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту көзделгенін атап өтті.
Тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі - жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, парасаттылық идеологиясын және сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілікті» ілгерілету.
- Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары білім беру жүйесіне қосылатын болады. Баланы мектепке дейінгіден бастап, әртүрлі жас кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біліммен сүйемелдеп отыру қажет. Бұл жұмыста әлемнің дамыған елдерінде кең таралған академиялық адалдық пәрменді құралға айналуға тиіс – деді Архат Бейсембаев.
Сондай-ақ кездесу барысында ТжКБ мекемелерінде «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының қызметін ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда бұл студенттік клуб облыстың барлық колледждерінде құрылған және студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қомақты үлес қосуда.