ШҚО-да Абай мерейтойына орай болмашы шаралар өткізу жиілеп кетті

769
көрілім

«Сабақты ине сәтімен» демекші, қолға алынған істің өз бағытымен, күнтізбеге сай әрі уақтылы өтуі сырт көздің сынынан сақтайды. Күнтізбе дедік. Аймағымыздың әр түкпірінде өтіп жатқан шаралар сол күнтізбелер аясында өрбиді. Алайда өтуі апта, ай бұрын жоспарланып қойған байқаулар мен түрлі сайыстарға сол жылға тұспа-тұс келіп тұрған айтулы даталарды қосып, өткізе беру қошемет көрсетіп, жерден жеті қоян тапқандай қуаныш әкелмейтіні белгілі. Сол секілді, биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіледі дегенімізбен кей шараларға мерейлі датаны жөн-жосықсыз қосатындардың көбейіп бара жатқаны көңілге қаяу түсірмей қоймайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шағын футбол, шайбалы хоккей, шаңғы...

Жармалықтар қаңтар айының 18-күні шағын футболдан аудан біріншілігінде өзара кім мықтыны анықтапты. Шара Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылған. Әрине, қазір өңір көлемінде бұқаралық спортты дамыту алдыңғы орындарға қойылғаны қуантарлық іс. Алайда Абай атамыздың 175 жылдығы болмағанда аталмыш сайыс өтпей қалар ма еді? Тым құрығанда, бір сөйлемде «тұрғындар арасында спортты насихаттау мақсатында» деп жазылса құба-құп. Фэйсбуктегі Жарма ауданының әкімдігі парақшасында жазылған ақпаратқа сүйенсек, сайыс апта бойы кешқұрым уақытта өткізілген. Дегенмен доп додасы басталарда Абай атамыздың есімі бір аталғанмен әрі қарай жоспарға бекітілген бәсеке бірқалыпты жалғасқаны сөзсіз.

Ақпанның 8-і күні Зайсан ауданындағы «Бәйтерек» сауықтыру алаңында мемлекеттік қызметкерлер шаңғы теуіп сынға түсті. Бұл да хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қолға алыныпты. Бәлкім, қыраулы қыстың соңғы айы әрі мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды жөн көрген болар. Дегенмен Зайсан ауданы әкімдігі парақшасында жазылғандай, аудан әкімінің орынбасары Серікбол Сиырбаев қатысқан шара тек мерейтой аясында өткізілген. Бұл да күнтізбеге бекітілген сайыс қой, десе де әр нәрсені хакімнің 175 жылдығына «тықпалай» беру жыл көлемінде жалғасатын сыңайлы. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы да талай сайысты айтулы датаға байланыстыруды жөн көрген екен. Сол Жарма ауданында қолға алынған шайбалы хоккейден 2005-2007 жылдары туған ұлдар арасындағы бәсеке, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жылда жоспардан ауытқымай өткізілетін жарыстар, Президенттік көпсайыс болсын барлығы дерлік ұлы ақынның 175 жылдығына орайластырылған екен. Дәл осы додалар жылда басқа даталарға да негізделіп жалғасын тауып келеді. Бұған қоса параармрестлингтен ерлер мен әйелдер арасындағы облыс чемпионаты. Бұл ақпаратты ақпан айының 4-і күні Жарма ауданының әкімдігі әлеуметтік желіде бөлісіп, жерлестерінің жетістіктерімен қуанған еді. Әрине сәт сайын тәжірибе толыстырып, шеберлікті шыңдай отырып көрсеткен нәтиже кімді болсын қуантай қоймайды. Десе де Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы дегенде құзырлы мекемелер мен аудан әкімдіктері танымдық шараларды жиі өткізгендері жөн болар. Аталмыш додалар сәтін салса, келер жылы да қолға алынбақ. Бір кездері «Рухани Жаңғыру», «Жастар жылы» дедік, енді міне, барлығы Абай атамызға катысты болып тұрған көрінеді.

Облыстық байқауды да орынсыз орайластырған

Сондай-ақ Зайсан ауданында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай өткен «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы да қозғаған тақырыбымызға еркін ене алады. Өзі 90 жылдыққа ұйымдастырылғалы тұрған шараға ұлы ақынның 175 жылдығы мүлде қатысы жоқ деуге болады. Сонда әкімдік жұмысын осылай көрсету қаншалықты ойға қонымды? Шаңғы жарысы деп жоғарыда бір жаздық, облыстық байқауды да Абайдың 175 жылдығына байланыстыру «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің кері сыңайлы. Осыған тақылеттес әлі қаншама мысал бар. Әйтсе де қолға алғалы отырған шаралар мен байқауларды көңілге қонымды дүниелермен орайластырған орынды болар еді. Сайып келгенде, мұның барлығы жауапты тұлғалардың сан қуып, сапаға көз жұма қарағандықтарының бір белгісі деп білеміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ