ШҚО-да «ADAL KOMEK» жобасы аясында өңірдің экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды

409
көрілім
Шартты фотосурет

Тамыз айының 4-і күні «ADAL KOMEK» жобасы аясында ШҚО Антикор орталығында кезекті тікелей эфир өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жолы спикер ретінде облыстың экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев шақырылып, «Өңірдің экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдары» тақырыбында мәліметтермен бөлісті.
Тікелей эфир барысында Данияр Әлиев өңірдің өзекті экологиялық проблемаларының бірі жаппай сипатқа ие жер қойнауын пайдалану саласындағы бұзушылықтар екенін атап өтті. Көбінесе бұл заңмен тыйым салынғанына қарамастан тұрғындар өз қажеттіліктері үшін өзен арналарында қиыршық тас өндіріп жатқандығы азайған жоқ. Сонымен қатар, экологияға айтарлықтай зиян келтіретін тағы бірқатар бұзушылықтар бар.
- Самар ауылының маңында Құлынжон өзені ағып жатыр, - дейді ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев. — Өткен жылы тұрғындар мемлекеттік органдарға аталған өзенге жақын жерде құрамында алтын бар құм өндірілетін айтқан болатын. Оған құқыққорғау органдарымен бірлесе комиссия барды. Фактілер тіркеліп, материалдар Ертіс бассейндік инспекциясына жіберілді. Ол су қорғау аймағында жұмыс жүргізу ережелерін бұзу туралы хаттама жасап, сотқа жіберілді. Күршім соты тәртіп бұзушыға бұзылған табиғи учаскені қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді жүктей отырып, айыппұл салды.
Осындай тағы бір факті туралы Данияр Әлиев тікелей эфир барысында айтып берді:
- Биыл Самар ауданынан тағы осындай шағым түсті. Онда пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы бар кәсіпорынның келісімшарттық аумақта Құлынжон өзенінің жанында учаске қазылып жатқандығы туралы шағым түскен. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде өзен арнасы өзгертілді.  
ШҚО экология департаментіндегілер жер қойнауын пайдалану кезінде қоршаған ортаға нақты зиян келтіріп жатқан бұзушылықтар осымен шектелмей тұрғанын жеткізді. Самар, Күршім, Ұлан аудандарында адамдардың Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жерді жалға алғаны, ал іс жүзінде құрамында алтыны бар құмдарды қазумен айналысқаны туралы деректер тіркелді.
Халықтың наразылығын тудырған тағы бір жоба – Өскеменде қоқыс жағатын зауыт салу.
- Өткен жылы қоқыс жағатын зауыттың жобасы скринингке түсті. Халық оған сыни көзқараспен қарады. Біз жиналысты ашық режимде өткіздік. Содан бері бұл жоба бізге келіп түспеді. Менің ойымша, жоба бастамашысы жоспарланған қызметтен бас тартты және бізге бұдан былай өтініш берген жоқ. Қазір қоқыс жағатын зауыт салу туралы мәселе тұрған жоқ, - деп атап өтті экология департаментінің басшысы.
Алайда ШҚО-ның облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтармен байланысты тағы бір өзекті мәселе бар. Қазіргі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қоқыс толып кеткен.
Экология департаменті басшысының айтуынша, жаңа полигон қала сыртында – Ұлан ауданында, тау массиві аумағында болады. Ол аймақтың қоршаған ортасына және халыққа зиян тигізбеуі үшін желдің бағытын ескере отырып таңдалады.