ШҚО-да «Адалдық сағаты» акциясы өтті

448
көрілім

6 қараша күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ШҚО мектептерінде «Адалдық сағаты» республикалық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Осындай ауқымды жоба оқушылардың заңды білімін жақсартуға ғана емес, сыбайлас жемқорлық оқиғаларына нөлдік төзімділікті қалыптастыруға көмектеседі.

 

Білім саласындағы кемшілік мемлекет қабырғасын әлсірететін болғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл мамандары жас буынның тәрбиесіне үлкен мән береді.

Шара барысында оқушыларға моральдық қасиеттердің адалдық пен әділеттілік сияқты маңызды екені айтылып, қазіргі қоғам үшін сыбайлас жемқорлық қалай қауіпті екені және оған тап болған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді.

– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби айтқандай алдымен дұрыс тәрбие қажет. Сондықтан барлықтарыңызды әділ, шыншыл, отанымыздың патриоты болуға шақырамын, – деді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет.

Шара интерактивті түрде өткендіктен балалар пікірлерін айтып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Оқушылардың сауалдарының көп болуы олардың бұл мәселеге немқұрайлықпен қарамайтынының дәлелі болды. Жалпы акция қорытындысы бойынша ШҚО-да 97 мыңнан астам оқушы қатысты. Алдағы уақытта да мұндай жобалар жалғасын таппақ.