ШҚО-да адасып кеткен малшы табылды

340
көрілім

ШҚО-да боранды түні қыстауға барамын деп адасып кеткен малшы табылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

ШҚО ТЖД ақпараты бойынша, малшы бұрқасын желде қыстауды таба алмай адасып кеткен. Көлікпен Семей-Курчатов тасжолының бойына дейін келген ол, қалған 5 шақырымды ол жаяу жүріп бармақ болады.

Қалың қар мен қатты желден қыстауға шамамен 2 сағатта жету керек еді. Бірақ ол уақытта малшы қыстауға келмегендіктен құтқарушыларды көмекке шақыруға тура келген.

- Құтқарушылар түнде 2 Марш көлігімен іздеу жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі. - Бұрқасын жел болса да малшының іздерін жауып үлгермепті. Соның арқасында шопанды тез арада іздеп таба алдық.

Екі «Марш» көлігінің бірі малшының жүрген іздерімен жүріп, 3 шақырымнан кейін оны тауып алады. Ол суықтан қатты тоңып, қалтырап кеткендіктен Семей қаласына жеткізіліп, дәрігерлерге тапсырылды.

- Бұл жерді жақсы білсең де қатты желде адасып кету өте оңай, - дейді малшы.