Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова берген ақпаратқа сәйкес, биыл агноөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 20 милиард теңгеден астам қаражат жетіспейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамытуды субсидиялау бағдарламалары бойынша 27,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірінші жартыжылдықта бөлінген қаржының 17,2 миллиард теңгесі игеріліп, жылдық жоспардың 63,3 пайызын құраған.
Алайда келесі жартыжылдық мөлшерлемесін игеру үшін 20 млрд теңгеден астам қаржы жетіспейтіні белгілі болды. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тапшылығы 8,5 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға – 6,3 млрд теңге, қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындары – 3,5 млрд теңгеге жетті. Оның 1 млрд теңгеден астамы 2023 жылдан қалған қарызға жұмсалды. Тұқым шаруашылығын субсидиялауға 250 млн теңге, пестицидтердің құнын арзандатуға – 500 млн, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1 млрд теңге жетіспейді. Енді облыс бойынша тиісті өтінімдерді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.
2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өнімі нақты көрсеткіште 102,9%-ға өсумен 91,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 100%, мал шаруашылығы – 102,9%-ға жеткен.
Жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 10,4 млрд теңгені немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64,4%-ды құрады. Азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция 3,9 млрд болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 163,9 пайызға артқан.
Шығыс Қазақстаннан бес айда жалпы құны 148,4 млн доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды.Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 28%-ға төмендеген. Ондағы өңделген өнімнің үлесі 64,9 пайызды құрайды.