«Қазгидромет» өкілдері жуықта осыған қатысты ресми ақпарат ұсынды. Соған сүйенсек, бірнеше ауданда аяз сақталады. Дегенмен боран мен қар да кей аумақтарды қамти түспек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған мекеменің Шығыс Қазақстан және Абай облысы бойынша филиалының өкілі Шынар Базаровның айтуынша, ақпан айының басында екі ауданда ауа температурасының нормасы орташадан сәл асады. Осындай түсініксіздеу әрі тым ресми сөйлемді қарапайым тілмен жазсақ, Шемонаиха ауданында күндіз -10°C, түнде -16°C шамасында болады.
Жалпы, республика көлемінде күн құбылмалы. Шығыс Қазақстанның көптеген ауданында қар жауады. Үздіксіз емес, бірақ бір жауғанда молынан түсетін көрінеді.
– Ақпан айының алғашқы онкүндігінде түн суытады. Жазықта орналасқан аудандарда -15-20°C-тан бастап, 20-25°C-қа дейін күрт суытуы мүмкін. Ал құбылмалы күн райында таулы аумақта орын тепкен ауылдарға 8-21 мм аралығында қар түсуі ықтимал, – деді ол.
Ресми мәліметке сүйенсек, Алтай, Катонқарағай және Күршім аудандарында түндегі температура -25-30°C, күндіз -7-12°C-тан -12-17°C шамасында құбылады деп күтілуде. Екінші онкүндікте түнде -11-16°C, күндіз -4-9°C-қа дейін салқындайды. Ақпан айының 17-19 аралығында қайтадан суытып, Күршім ауданында түнде -31°C-қа дейін аяз түсуі ықтимал. Күндіз -15°C шамасында өзгереді.
Үшінші онкүндікте аяз қайтып, бірнеше ауданда қар күтіледі. Самар мен Ұлан ауданы аумағында түнде -10-15°C, күндіз -2-7°C мөлшерінде құбылады. Зайсан мен Тарбағатай аудандарында сынап бағанасы 0°C-ты көрсетуі ықтимал.
Асыл АЙТБАЕВ