ШҚО-да ақын Дәурен Қабдолдановтың «Ақкөңіл» өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті

324
көрілім

А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада Шілікті өңірінің тумасы, ақын Дәурен Қабдолдановтың «Ақкөңіл» өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.  

Өңір жұртшылығына «Ақын Дәурен» атпен танымал болған Дәурен Қабдолданов 45 жасқа толарында өмірден өткен. Оның «Ақкөңіл» өлеңдер жинағының жарыққа шығуына және сол кітаптің руханият ошағында тұсаукесерінің өтуіне ақынның атұстары Аян Дәуренұлы мұрындық болып отыр. 

«Бұл менің перзенттік борышым деп білемін. Әкем 10 жасынан айтыс дейтін қасиетті өнерге қадам басқан. Содан халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ауылдық, аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Осындай тұлғаның ұлы болғандықтан әкемнің өнердегі жолын тасқа қашап жазғандай кітап етіп шығару басты мақсаттарымның бірі еді. Соңғы 3 жыл бойы кітапты шығару жұмыстарымен айналыстым. Кітаптың «Ақкөңіл» деп аталуына біріншіден, әкемнің ақ көңілмен, ақ пейілмен жазылған жырлары, екіншіден, әкемнің мінезіне байланысты, халық жадында мәңгі ақкөңіл азамат ретінде сақталуы себеп болды», - дейді Аян Дәуренұлы.

Кітап тұсаукесеріне Дәурен Абдрахманұлының  жерлестері, сыныптас-достары, туыстары қатысты. Кітап ақынның туған жер, құтты мекен, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл туралы, өнер тақырыбына арналған өлең, арнаулардан тұрады. Ақынның әр алуан тақырыптарды қамтып айтқан құнды сөздері, орамды ұйқастарымен әзілдері оқырманын өзіне еліктірері сөзсіз.