Күдіктіге қатысты облыс тұрғындарынан 28 арыз келіп түскен. Жәбірленушілердің материалдық шығын көлемі 20 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өскемен қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оңай жолмен олжаға кенелмек болған ер адам ақшаларының сомасын өсіріп беремін деп 28 тұрғынды сан соқтырып кетті. Өзінің жарнамасын қала көшелерінде және ғаламторда орналастырып жүрген. Хабарламаларында «Ақшаларыңызды жоғары пайызбен салыңыздар» делінген. Тіпті жарнама парақшаларында байланыс нөмірлері, кеңсе мекенжайлары мен «Джет-Мани» фирмасының атаулары жазылған.
Алаяқтықпен айналысқан еркек клиенттерімен өзі келісіп басқаларының оған пайыздық үстемесімен ақша берулерін айтып түсіндірген. Мысал ретінде фирмамен 120 күнге 8,5%–дық депозиттік келісімге отырғанын және әрбір ретте қомақты өсім табатынын айтты. Дәл осылай 28 тұрғынның ақшасын алып алған.
Бүгінгі күнде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.