ШҚО-да алаяқтар әкімдік атынан кәсіпорын басшыларына хабарласып, қайырымдылыққа ақша сұрауда

549
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында алаяқтар әкімдік атынан кәсіпорын басшыларына хабарласып, қайырымдылық шараларға ақша сұрап жатыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, алаяқтар өздерін әкімдік қызметкері ретінде таныстырады.  

«Кейінгі кезде алаяқтар аса белсенді бола бастады. Адамдарды алдаудың алуан түрлі тәсілін ойлап табатын олар енді өздерін облыс немесе қала әкімдігінің өкілдері ретінде таныстырып, кәсіпорын директорларынан қаржылық қолдау сұрап, кейде тіпті талап етуге көшкен. Айтатын мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін, мәселен балаларға көмектесуден бастап, билік ұйымдастыратын іс-шараларды қолдауға, тіпті кешкі астың ұйымдастырылуына дейін өтініш жасайды. Бұл – алдау. Билік кейде кәсіпорындарды көмектесуге шақырып жататыны рас, бірақ мұның бәрі ресми түрде іске асырылады», - делінген ақпаратта.

Қайырымдылық көмегін ұйымдастыру үшін әкімдік жазбаша өтініш жібереді немесе арнайы іс-шаралар өткізеді. Мұндай өтінішті қайырымдылық көмек көрсетпес бұрын алдын ала тексеруге болады.

«Кез келген қайырымдылық шарасына қатысу-қатыспауды кәсіпкерлер өздері шешеді. Қайырымдылық көрсету ол – ерікті түрде болатын әрекет. Алаяқтар қазір өздерін шенеунік ретінде таныстырады. Кейде тіпті билік өкілдерінің нақты есімдері мен лауазымдарын атайды. Олар құжат та ұсынуы мүмкін. Мысалы, біркүндік кәсіпорынның шот-фактурасын немесе кейбір тұлғаларға ресімделген жеке шоттарды жібереді», - делінген хабарламада.

Облыс әкімдігі телефон арқылы ешқандай да ақша жинау акциясы жүргізілмейтінін мәлімдеді. Кәсіпкерлер мұндай айла-шарғыға алданып қалмас үшін мұқият болуы қажет. Шоттарды төлемес бұрын немесе алаяқтардың айтуымен қаражатты аудармас бұрын ақпаратты тексеріп алғаны жөн.